Ғазали мен қарақшылар

Мамыр 3, 2007

Әйгілі имам Ғазали Мешхедке жақын орналасқан Тус қаласында туып өскен болатын. Хижри жыл санағымен алғанда бесінші ғасырда сол Тус маңындағы Нишапур қаласы үлкен білім ордасы болып қалыптасқан еді. Аймақтағы білімқұмар қауымның бас қосатын бірден-бір орталығы да осы Нишапур болып табылатын. Солардың бірі – Ғазали де білім қуып, Горган мен Нишапурға келіпті дейді. Сонда жүріп ол көптеген ғұламалардың ұлағатын тыңдап, тәрбиесінде болады. Алған дәрістерін қорытып, жинақтап қағазға жазып отырады екен. Сосын оларды сенімді жерге қойып, көздің қарашығындай сақтапты. Сүйтіп белгілі уақыты жеткенде ол туған жеріне қайтпақшы болып, жолға жиналады. Сонда жазған-тергендерін бір қапшыққа салып, онысын түйеге артып, жолға шығыпты. Қырсыққандай керуеннің жолын торуылдаған қарақшылардың қолына түсіп қалады екен. Олар бірден ай-шайға қарамастан, көңіліне жаққандарын алып, керуенді тонауға кіріседі. Кезек Ғазалидің заттарына келгенде, ол қарақшылардан жазбалар салынған қапшықтарына соқтықпауын өтінеді.
– Бар дүниемді алсаңдар да осыған тимеңдерші,- депті ол.
Оның осы сөзіне қарап, қарақшылар қапшықта қымбат бағалы бұйымдар болу керек деген оймен ақтара келгенде, қағаздан басқа ешнәрсе таба алмапты. Содан олар Ғазалиден:
– Мынау не нәрсе, бұның бәрі саған не үшін қажет?- деп сұрапты.
– Бұл сендердің қажеттеріңе жарай қоймас, тек маған керекті дүниелер.
– Сонда сенің қандай қажетіңе жарамақ?- дейді тықақтап қоймаған қарақшылар.
– Бұл менің бірнеше жылғы еңбегімнің жемісі. Егер сендер бұны құртатын болсаңдар, менің білімімнің зая кеткені.
– Шыныда да сенің бар білімің осы қағаздарда ма?
– Иә, солай.
– Олай болса, өзі қапшықтың ішінде болатын болса, оның үстіне өзі ұрланатын болса, ол не білім, не ғылым болып жарытпайды. Одан да барып, өз қара басыңның қамын ойлағын,- деп қағаздарын Ғазалидің қолына беріпті.
Осы бір оқиға Ғазалиге қатты әсер етіп, жан-дүниесіне үлкен өзгеріс әкелген екен. Осы оқиғадан кейін ол ондай білімді қағаз-дәптерге емес, ақыл дәптеріне жазған жөн екен деген ойға келеді.
Ғазалидің бұл турасында: «Мен өміріме тамаша бастама болған ақылды сол бір қарақашылардан естідім,»- деп айтатыны да бар.

Advertisements