Он үшінші сөз

Ақпан 11, 2009

Абайдың қара сөздері – 13 сөз

Иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек.

Иман деген – алла табарака уа тағаланың шәриксиз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ. Енді бұл иман дерлік инануға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел – испат қыларға жараса, мұны якини иман десе керек. Екіншісі – кітаптан оқу бірлән яки молдалардан есту бірлән иман келтіріп, сол иман келтірген нәрсесіне соншалық берік боларға керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып, көңілі қозғалмастай берік болу керек. Бұл иманды иман таклиди дейміз.
Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек екен. Якини иманы бар деуге ғылымы жоқ, таклиди иманы бар деуге беріктігі жоқ, я алдағанға, я азғырғанға, я бір пайдаланғанға қарап, ақты қара деп, я қараны ақ деп, өтірікті шын деп ант ететұғын кісіні не дейміз? Құдай тағала өзі сақтасын. Әрнешік білмек керек, жоғарғы жазылмыш екі түрліден басқа иман жоқ. Иманға қарсы келерлік орында ешбір пенде құдай тағала кеңшілігімен кешеді дағы демесін, оның үшін құдай тағаланың ғафуына яки пайғамбарымыздың шафағатына да сыймайды, мүмкін де емес. «Қылыш үстінде серт жоқ» деген, «құдай тағаланың кешпес күнәсі жоқ» деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пенденің жүзі құрысын.


Мәшһүр Жүсіп айтқан екен

Тамыз 6, 2007
180px-Mashhur_Zhusup ҚАЗАҚТЫН ЖЕРІ
“Күн батысы – Сырдария, күншығысы – ұзын аққан Ертіс, оңтүстігі – Жетісу өзені, солтүстігі – Еділ, Жайық. Бұл қазақ иесіз жатқан жерге келіп ие болған жоқ, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен кеше Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек заманында жаннан кешіп, сусын орнына қызыл қан ішіп, жаудай алысып, жаттай салысып, күні-түні атысып, қара қанға батысып, шыбын жанын нысанаға байлап, не маңғаз, сарбаздары жау жолында оққа ұшырап өліп, сөйтіп алған жері еді…”

ИМАН

Исламның бес парызы біреуі – иман,
Таппайды бұл бесеуін дүние жиған.
Ықтият, шын ниетпен жұмыс қылып,
Ерлерді айт Құдай үшін жанын қиған.

«Ағаштың бойында гүрілдеп ағып жатқан өзен – адамның денесіндегі қан. Әй, жігіттер, естеріңде болсын, оны “шайтан” – дейді. Ол бір кесек нәрсе емес, денеңе арам қан боп кіріп, жүрегіңе барып, жүрегіңді толқытып, өзіңді бұзады. “Шайтан” деген өзіңнің ойың…»


Румидың жеті өсиеті

Маусым 7, 2007

Жомарттық пен жанашырлықта өзендей бол…
Шапағат пен мейірімде Күндей бол…
Өзгелердің айыптарын жабуда түндей бол…
Ашу мен паңдықта өліктей бол…
Кішіпейілділік пен қарапайымдылықта топырақтай бол…
Кешірімділікте теңіздей бол…
Не болғаныңдай көрін,
Немесе көрінгеніңдей бол.


Көркем мінезге байланысты 9 хадис

Мамыр 23, 2007

1. Ғаммар ұлы Ясир радияллаһу ‘анһу: хазрет пайғамбар ‘аләйһиссәләм былай бұйырған: «Көркем мінез, Алланың мінезі. Ал Алланың ұлы мінезі: жұмсақтық, сабыр, айыптарды жасыру және құлдары тарапынан істелген кінәнің жазасын кешіктіру тәрізді үстем сипаттар». Хадисты Тәбәрәни және Кәбир аусатында риуаят еткен.

2. Мәлик радияллаһу ‘анһу: хазрет пайғамбар ‘аләйһиссәләмның: «Мен көркем мінездерді толықтастыру үшін жіберілдім» дегенін естіген екен. Хадисті Мәлик Муаттада риуаят еткен екен.

3. ‘Айша радияллаһу ‘анһә: хазрет пайғамбар ‘аләйһиссәләм: «Әй Алла! Жаратылысымды көркем еткенің сияқты, мінезімді де көркем ет!» деп дұға ететінді деді. Хадисті Имам Ахмад ибн Ханбәл риуаят етті. (Рауилері) риуаят етушілері сенімді.

4. Әбул Умәмә радияллаһу ‘анһу: хазрет пайғамбар ‘аләйһиссәләм: «Мен хақылы бола тұрып та, яғни өзінікі жөн болғанда да тартысуды қойған кісі үшін жаннаттың ауласында бір сарай және қалжың да болса, өтірік айтудан бас тартқан кісі үшін жаннаттың ортасында бір сарай және де мінезі көркем болған кісі үшін жаннаттың ең биік жерінде бір сарай берілуіне кепілмін» деді. Хадисті Әбу Дәуд риуаят еткен

5. Cәмған ұлы Нәууәс радияллаһу ‘анһумә: хазрет пайғамбар ‘аләйһиссәләмнан жақсылық және күнә жайында сұрағанымда: «Жақсылық көркем мінез. Ал күнә, ұжданыңды рахатсыз еткен, ішіңе сақтаған, басқаның естуін қаламаған нәрсе ғой», – деді. Хадисті Муслим және Тирмизи риуаят еткен екен.

6. Әбузар радияллаһу ‘анһу: хазрет пайғамбар ‘аләйһиссәләм Әбузарға: «Я Әбузар! Не ұқыптылық сияқты ақыл, не харамнан сақтану сияқты тақуалық, сондай-ақ көркем мінез сияқты майталмандық болмайды» – депті. Хадис Ибни Хаббан сахихында риуаят етілген екен.

7. Ғабдұлла ұлы Жәбір радияллаһу ‘анһумә: хазрет пайғамбар ‘аләйһиссәләмға жәбірейіл: Алла тағаланың былай дегенін хабарлапты: «Шын мәнінде бұл (Ислам) діні мен разы болған бір дін. Оған жомарттық және көркем мінез жарасады. Бұл дінге ие болған мезгілдерің бойынша жомарттық пен көркем мінезді құрметтеңдер. Басқаша айтқанда, Ислам дінін жомарттық және көркем мінез арқылы қуаттаңдар» деген екен. Хадисті Тәбәрәни аусатында риуаят еткен екен.

8. Әбуһұрәйрә радияллаһу ‘анһу: хазрет пайғамбар ‘аләйһиссәләм бұйырды: Аллаһ тағала Ибраһим ‘аләйһиссәләмға былай деген: «Досым! Кәпірлерге болса да мінезіңді көркемдестір, игі жақсылардың жолына кіресің. Мінезін көркемдестірген кісіні ғаршымның астына көлеңкелетіп, жаннат суларымнан ішкізетінімді және оны маңайыма жақындататынымды уәде етемін». Хадисті Тәбәрәни риуаят еткен.

9. Әнас радияллаһу ‘анһу айтты: хазрет пайғамбар ‘аләйһиссәләм Әбузармен кездесті де: «Я Әбузар! Саған басқаларына қарағанда жүкте жеңіл, таразыда ауыр екі сипаттан өсиет етейін бе?» – деді. Әбузар: «Әрине, я расулаллаһ!» деді. Хазрет пайғамбар ‘аләйһиссәләм: «Жақсы мінезді болуға ұқыпты бол және үнемі ауызыңды бақ. Жаным құдырет қолында болған Аллаһ тағалаға ант етемін. Әлеумет бұлар тәрізді ғамал істемеген» деп бұйырды.


Мүминнің сипаты

Мамыр 17, 2007

Мүмин:
Иманда – тұрақты;
Дінде – қуатты;
Ғылымда – саналы;
Білімде – ынталы;
Талапта – сабырлы;
Байлықта – үнемді;
Барына – қанағатшыл;
Кемтарлықта – шыдамды;
Молшылыққа – шүкір етуші;
Күйзелісте – байсалды да байыпты;
Ынта, тілекте – ұялшаң;
Кәсіпте – адал;
Басқаруда – белсенді;
Құмарлыққа – есті;
Жақсы көргеніне және аманатқа қиянат етпейді;
Өзіне қарсы болса да, растықты мойындайды;
Намазда – момын;
Зекетте – асығыс;
Мүмин – өзін күндегенге жәбір көрсетпейтін Аллаһ Тағаланың құлы;
Мүмин – еш адамды күндемейді, масқаралап, даттамайды және тіл тигізіп лағынеттемейді;
Мүмин – бөтеннің нәрсесінен дәмеленбейді және дөрекіліктен аулақ болады;
Мүмин – бір жақсы іс істеуін қаласа, оған жоқшылық кедергі бола алмайды;
Мүмин – Аллаһ Тағаланың қамқорлығына лайық болу үшін зұлымдық пен қысымшылыққа сабыр етеді;
Мүмин – жәннатқа кірмейінше жақсы сөзді тыңдаудан жалықпайды;
Мүмин – жәннатқа кірмейінше, оны Жаратушысына жақындататын игі іс істегенге қанбайды;
Мүмин – адамдармен жақсы қатынаста болып, ақылға қонатын сөз айтады;
Мүмин – мүминнің айнасы және бауыры. Мүмин бауырын зиянға ұшыраудан сақтап, абыройын қорғайды;
Мүмин – барлық ісімен пайда келтіреді. Онымен бірге жүрсең де, одан кеңес сұрасаң да, онымен бір істе серік болсаң да пайда табасың. Мүминнің барлық ісі пайдалы;
Адамдардың ішінде тіршіліктің қамын ойлауда мүминнен кемел адам жоқ. Себебі, мүмин бұл дүние (адал кәсіп, азық, мал – дүние) мен о дүниенің (құлшылық) ісіне мән береді;


Шыннан өзге Құдай жоқ

Мамыр 7, 2007

Шыннан өзге Құдай жоқ,
Анық Құдай – Шын Құдай.
Ұқпай қалма алаң боп,
Шын болмаса кім құдай?

Бұрын шын бар, бүгін шын,
Ертең шын бар – үш бөлек.
Керегі жоқ бұлардың,
Бұзылмайтын шын керек.

Шын махаббат қылуға,
Шын сабырың жетер ме.
Көрінген әрбір сұлуға
Көңілің таолқып кете ме?

Олай болса, таза ақыл,
Әулиелік сенде жоқ.
Баянсызға бәрі – құл,
Жынданбаған бенде жоқ.

Әулиедей асықтың,
Қасиетін былғайсың.
Қылығын қылып жастықтың,
Бір қалыпта тұрмайсың.

Әлде сайтан, әлде жын,
Бірін тастап, бірін мін.
Адам емес – айуансың,
Неге тұрсын сенде шын?


Ұлықпан хакімнің айтқандары

Мамыр 7, 2007

– Жақсы адамды өсектеп еске алма;
– Тек өз басыңды ойлама;
– Көпшілік тұрған жерде, сен олардан ерекшеленбе;
– Шын сөзге әзіл араластырып айтпа;
– Біреуді біреудің алдында ұялтпа;
– Қасы-көзіңмен ымдап сатқындық жасама;
– Бір айтқан сөзді қайталай берме;
– Біреуді мән-мағынасыз күлдірме;
– Өзіңді һәм жақын адамдарыңды кісі алдында мақтама;
– Өзіңді қатындарға ұқсатпа;
– Балаларың не десе, соны қыла берме;
– Тіліңді сақта;
– Сөйлеп тұрғанда қолыңды сілтей берме;
– Барша адамды құрметтеуді ұмытпа;
– Бәлеқор адамдармен сұхбаттас болма;
– Өлген кісіні жамандап жадыңа алма, пайдасы жоқ;
– Лажы болса, ешкіммен ұрыспа һәм өштеспе;
– Әулие, ұлы адамдардың айтқандарын ізетпен еске ал һәм күмән келтіруші болма;
– Өз наныңды өзге дастарханда жеме;
– Істе сасқалақтауға жол берме;
– Мал, дүние табамын деп, өзіңді азапқа салма;
– Кімде кім өзін танымаса, сен оны таны;
– Ашу келгенде абайлап сөйле;
– Күн шыққанша ұйықтама;
– Адамдардың алдында жалғыз тамақтанба;
– Үлкендердің алдына түспе;
– Адамдар сөйлесіп отырғанда, орынсыз килікпе;
– Басыңды салбыратып отырма;
– Көшеде жан-жағыңа алақтай берме, тура қарап, яки жолға қарап жүр;
– Қонақта отырып, біреуге қаһар шашпа;
– Меймандарды жұмсама;
– Диуана яки мас адамдармен сөйлеспе;
– Ауылда істеуге ісі жоқ һәм бейбастық жандармен бірге отырма;
– Пайда мен зиянға бой ұрып, абыройыңды төкпе;
– Менмен де, тәкәппар да болма;
– Адамдардың саған жәбір көрсеткенінен қаш;
– Жанжал мен жаладан аулақ бол;
– Өзіңді қор қылмауға ұмтыл;
– Әділ және кішіпейіл бол;- Құдайдан қорқып, халыққа ынсаппен қарап, үлкендерге қызмет, кішілерге шапағат, дәуіріштерге рақым, дос-жаранға кеңес, дұшпандарыңа жұмсақ, қызбалауға сабыр, ғалымдарға тағзым қылып өмір сүр. Біреудің малына көз сүзбе;