Мақтау мен сөгіс

Тамыз 6, 2007

Біреу сені мақтаса, қуанасың,
Жамандаса, жабырқап, суаласың,
Мақтаған кім, сөккен кім – онда ісің жоқ,
Бәрібір сен де елірме дуанасың.

Дос мақтаса, не пайда онан саған,
Дұспан сөксе, не кемдік көрдің жаман?
Шын сөзбенен мақтаса иә боқтаса,
Мақтау – пайда, зиян ба жамандаған?

Бойда жоқпен мақтаса, яки сөксе,
Қуанбақ, не кейімек өзіңе еп пе?
Ғаділ жүрек, таза ақыл мақтайтұғын,
Солар сөкпес іс қылар жолды көксе.

Дос мақтайды сен жақсы көрмек үшін,
Дұспан мақтар елірте бермек үшін.
Есептемей есірік елін мақтар,
Көп не айтса, соны айтып ермек үшін.

Бұл үш мақтау берер ме саған пайда,
Мақтаулыны білерлік адам қайда?
Өзіңнен ілгерілер сүйсінерлік
Жол тап – тағы ақылды солай айда.

Кейде дос та жамандар жоқ нәрсе үшін,
Дұспан сөгер сыртыңнан қайрап тісін.
Өнері жоқ, өсекшіл ел жамандар,
Өтірік пе, рас па, көрмей ішін.

Келер – кетер зиян жоқ мұнан тағы,
Мін болмайды наданның қорламағы.
Білімділер сөгерлік ісің болса,
Жоғалта бер, айласын ойла – дағы.

Түйіп айтқан талассыз мақтау, боқтау,
Жақсы іске – ындын, зиянға салар тоқтау.
Көп наданның сөзімен құйқылжысаң,
Сен де жынды боласың есі жоқтау!


ӨЗІМЕ

Тамыз 6, 2007

Қолда қалам, көзде жас, толқындап ой,
Шіміркеніп, тітіреп, салқындап бой,
Тозған мола сықылды сұм көрініп,
Өткен күнде қызыққан сауық пен той.

Қаның қашып, жасаурап екі көзің,
Не болдым деп табалап өзіңді-өзің.
Өткен іс ойға түсіп ойлатады,
Қисынсызды қызық деп қуған кезің.

Және ойыңа келгенде алдыңғы жақ,
Сұм жүрегің кетеді қозғалып-ақ.
Артың – анау, алдың су, көз жетпейді,
Өтетұғын қамыңды ойланып бақ.

Нені аяйсың, отырсың кімді қимай,
Құтырдың ғой тәуір – ақ жерге сыймай.
Салып – салып сандалып отырмысың,
Жоқ өзің өз нәпсіңді ерте тыймай!

Досың қайсы, қимастай елің қайсы?
Ел салмағын көтерер белің қайсы?
Аузың темір татиды берін татып,
Жалғанды қимайтұғын жерің қайсы?

Дүние тұр қалыбында, сен өзгердің,
Бәрін көрдің, түбіне көз жібердің.
Ешкімнен көретұғын дәнеме жоқ,
Өзіңді – өзің өлімге ұстап бердің.

Пайдасыз бен баянсыз қуған ісің,
Түпсізді толтырамдеп кетті күшің.
Ентелеген еңбектің бәрі жанбай,
Ақ өлімді шақырдың, сол жұмысың.

Енді қайтып сен мықты бола алмайсың,
Жас күндегі тұғырға қона алмайсың.
Кейін баспай ентелеп ілгері бас,
Кейін айналсаң, еш жерде оңалмайсың.

Құдайдан жарылқа деп жәрдем сұра,
Сен талайды қылдың ғой біле тұра.
Аяғыңды аңдап бас, өлім таяу,
Қарсы алдыңда дайын тұр қазған ұра.

Соны ойла, өзге қызық істі ойлама,
Біреуге айла, біреуге күшті ойлама.
Кеткен қайта келмейді кейісең де,
Түнде көрген көлеңке түсті ойлама.


Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы

Тамыз 6, 2007

Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы,
Ортасы – өмір, жоқтық қой – екі басы.
Сағымдай екі жоқтың арасында
Тіршілік деп аталар біраз жасы.

Жоқтық, барлық – жоғалмақ араласы,
Үш еріксіз болады мағынасы.
Нажағайдай жарқ етіп өшпек болса
Өмірдің он тиындық жоқ бағасы.

Патса, батыр, бай, бағлан, ел ағасы,
Өнерпаз, ойшыл, білгіш, ғұламасы,
Мақтанып жердің жүзін жалмаса да,
Кәрлік пен өлімге жоқ дауасы.

Енді өмірдің қызықты қай арасы,
Өлімді ойлап сіңе ме ішкен асы?
Оны ұмытып, өлместей өзеленер,
Әлі тірі жүргендей түп атасы.

Адамзат – айуанның арам, насы,
Жанның да, ақылдың да дұспанасы.
Жанды сурет сияқты қуыршақ боп,
Жаралыстың ойнаған тамашасы.

Менменсінген кердеңнің керген қасы,
Ішімді күйдіреді сол ызасы.
Жер тәңірісіп, кісімсіп желіксе де,
Төбесінен бір түсер жайдың тасы.

Өмірдің өкінбейтін бар айласы,
Ол айла – қиянатсыз ой тазасы.
Мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек,
Таза жүрек, тату дос – сол шарасы.


Дүние мен өмір

Маусым 18, 2007

Білімділер насихат көп жазады,
Адам үшін уайым жеп жазады.
Байқап оқып отырсам, соның бәрі:
Дүниені «сұм, алдамшы» деп жазады.

Мен-дағы тіршілікке қадам бастым,
Рахат, бейнет, әр іске араластым.
Өмір бойы қуанбақ жынды ісі ғой,
Кейде асып, кейде қашып, кейде састым.

Рахат көрсем, сыйдырып мақтаныма,
Таласы бар кімнің деп тапқаныма,
Қарсы жалдып, қайраңдап шыға бердім,
Көнбедім деп жалғанның қаққанына.

Қайғы көрсем: «дүниенің жалғандығы,-
Дедім, – алдап, мінеки, алғандығы».
Ол не десең, бұрынғы жазғандардың.
Сөзі орнығып көңіліме қалғандығы.

«Мен де соққы жедім, – деп, сұм дүниеден»,
Көп жазып ем, оныма өкіндім мен.
Ойласам, көрген бейнет, тартқан қайғы
Болыпты не біреуден, не өзімнен.

Дүниенің ол туралы жазасы жоқ,
Біз сөкті деп тоқтай ма Алла атқан оқ.
Пәрменімен айналған шархи фәләк –
Күн мен ай, жұлдыз, әуе, жер менен көк.

Кімде – кім қайғы тартып, бейнет көрсе,
Сұм жалғанның қылғаны бұл дей берсе,
Әлбетте, бұл – тағдырға наразылық,
Түбі Аллаға қарсылық, ондайға ерсе.

Кім үйретті дүниені жамандатып,
Оны сөгіп өзіңді амандатып?
Мұны үйреткен – білімсіз шала молда,
Қу қазыққа байлаған табандатып.

Кейбіреулер жазады «қу өмір» деп,
«Тұрағы жоқ, алдамшы, су өмір» деп.
«Көрген қызық, қылған іс – бәрі де ұмыт,
Ия көлеңке, яки түс, у өмір» деп.

Бұған да еріп көп жаздым түшіркеніп,
Білімділер сөзі деп ентеленіп.
Өмір емес, алдаған өзіңді-өзің,
Пәленшекем айтты деп қалма сеніп.

Бұл екі сөз айтуға тым орайлы,
Жүрекке әсер берер сонша жайлы.
Терісті де дұрыс деп сендіретін
Шешендердің келеді тілі ыңғайлы.

Дүние деген қызыққан ісің болса,
Қызықтырған кім сені оған онша?
Пайдасыз, баянсызын біле тұра,
Қуа бердің ойланбай неге сонша?

Өмір деген жастықтан қартаймақ па,
Бейнет, рахат, байлықпен мал таймақ па.
Боларға ұмтыл, болмасқа қанағат қыл,
Жала жауып, салынба жантаймаққа.

Өмір, дүние, жер мен көк, өткен заман,
Ажал алмай қоймайды ешкімді аман.
Өлмей, өшпей, қартаймай жүргің келсе,
Ол – болмай ма тағдырды жамандаған?

Тумақ, өлмек, қартаймақ болмай қоймас,
Қанша қызық көрсе де, пенде тоймас.
Сол тоймастық – дүниені жамандатқан
Сен сөкті деп тағдырды қайта жоймас.

Бейнет көрме, біреуге бейнет берме,
Дүние – алдамшы, өмір – қу деп елерме.
Қамдан, сақтан, қығып бақ, бәле келсе,
Бәрін құдай қылады дегенге ерме.

Қаза келсе, өзіңнен, иә біреуден,
Немесе бір нәрсенің себебінен.
Дауың дұрыс бола ма, ойласаңшы,
Өмір – қу, дүние – алдамшы дегеніңмен?

Дүние – алдамшы, өмір – қу есерлерге,
Есерлікпен жолығар кеселдерге.
Ол екеуі мінді емес, мін өзіңде,
Сөзің бөлек өзгеден десеңдер де.


Ақылға еркін ой керек

Маусым 6, 2007

Ақылға еркін ой керек,
Матаудан ойды азат қыл.
Әдеттеніп ертерек,
Өрісін кеңіт жылма – жыл.

***

Жанның бәрі мендей жар табар еді,
Терең ой, сау ақылмен шамаласа.

***


Кәрілік – шал деген бір, ат қылғандай

Мамыр 19, 2007

Кәрілік – шал деген бір, ат қылғандай,
Айнадай ақылыңды тат қылғандай.
Жеңілді ауыр, алысты жақын қылып,
Бір туысқан жақынды жат қылғандай.
Бойдағы бар қуаттың бәрін алып,
Қайрат, өнер, талапқа қат қылғандай.
Ойым – у, өмірім – су, үмітім – бу,
Қалмады бір сүйеніш шат қылғандай.
Тоқтаусыз төмендетті күннен – күнге,
Түрі жоқ аз ғана аял, дәт қылғандай.
Шатыраш ойнап ұтылған сықылданып,
Байқаймын, кешікпей-ақ мат қылғандай.
Ойлай берсем қайғы емес оның бәрі,
Көп жасаған қоя ма болмай кәрі.
Өкініш сол – өмірді босқа өткіздім,
Өлсем ойдан кетер ме соның зәрі.
Білген адам баянсыз іс қылар ма,
Қолда болып тұрғанда ықтияры.
Өмірден қымбат нәрсе бар ма адамда,
Орындыға жұмсасаң өлмес дәрі.
Қасиетін өмірдің білу керек,
Басыңда ми бар болса, бетінде ары.
«Өлермін, шал болармын» ойында жоқ,
Мал, мансап, сауық, тамақ, сүйген жары.
Теңілік бар, тексеру бар деп ойламай,
Не зорлықшыл, не болар ұры-қары.
Төбесінен ұрғанын бір-ақ білер,
Арамдықпен шыға алар кім жоғары.
Кім жалғыз, бұл жалғанда – есті жалғыз,
Мұңдасар болмаған соң бір сыңары.
Жалтаңдап жалғыз Абай өткен жоқ па,
Қазақтан табылды ма соның пары?
Өлеңімен жұбатты өзін-өзі
Еңбегі еш, іші беріш, жүзі сары.
Сөзін ұғып, ақылмен алмаған соң,
Патша қойса не керек қазақ шары.
Не қылса да шыдады, білдірмеді,
Сол десеңші сабырлы қазақ нары.


Еріншектік

Мамыр 18, 2007

Еріншектен – салақтық,
Салақтықтан – надандық …
Бірінен – бірі туады,
Жоғалар сүйтіп адамдық.

Еріншек таз жүре алмас,
Кірі – қоңын жуа алмас.
Харекет жоқ, ғылым жоқ,
Өз бойынан ұялмас.

Жүрейің десең, тұрғызар,
Төсекке мойын бұрғызар.
Аналар да жүр ғой деп,
Біреуді мысал қылғызар.

Тұрайың десең, жатқызар,
Буынды сүйтіп қатқызар.
Орынды іске кіргізбей,
Не болса соны шатқызар.

«Мен емес пе сабырың,
Жаныңа тыныш тамырың,
Асықпа, – деп алдайды, –
Қазулы ма, – деп, – қабырың?»

«Құдайдың, – дейді, – күні көп,
Ассыққан істің міні көп.
Аз ғана рахат қылсаңшы,
Істерсің ертең мұны», – деп.

Осымен – ақ жүре сал,
Мына бір жерге – ақ кіре сал.
Бір жырымың үзілсе,
Қанжығаңмен іле сал.

Тарамыс қайда, біз қайда,
Асығыстан не пайда.
Тігіп ала қоярсың,
Біз табылған бір жайда.

Сонымен қалсаң алданып,
Ұмтылмасаң қамданып,
Жалқаудың құлы болғаның,
Жатпақ үшін жалданып.

Шаруа көп басында,
Көндіру керек жасында.
Қылайын десең харекет,
Еріншек отыр қасыңда.

Және айтады ақылды,
Қысып қояр тақымды:
«Тілімді алсаң, тек отыр,
Менің сөзім мақұл-ды.

Жас басыңнан аптықпа,
Кіре берме боқтыққа.
Өмір өзі-ақ береді,
Тағдырға қарсы соқтықпа.

Құлақ қойсаң сөзіме,
Пайда айтамын өзіңе.
Арқалатпа бейнетті
Қызық көрер кезіңде.

Бейнетке жаның шоши ма,
Осы сөзім ұнай ма?
Пендесін аштан өлтірмес,
Қарсы болма құдайға».

Мұның сөзі мақұл деп,
Айтқаны дұрыс ақыл деп,
Харекетсіз кеткенің,
Жай іздермін ақыр деп.

Бұл сөзді ұғып жас кетті,
Ішіп алып мас кетті.
Бар керектен айрылып,
Еріншек деген қас кетті.

Еріншектің қақпаны –
Көрінбей көзге жатқаны.
Біреу оған ілінсе,
Оны құдай атқаны.

Іс қалдырмас еселі –
Ең білімнің кеселі.
Кірсе бойдан шығу жоқ,
Күн сайын өсер бес елі.

Төбені сүйтіп теседі,
Орныққан сайын өседі.
Ғибадат жоқ, өнер жоқ,
Бәрінің жолы кеседі.

Даулассаң желдей еседі,
Өзі айтып, өзі шешеді.
Үйір болған кісілер,
Жан тыныштық деседі.

Жан тыныштық бұл емес,
Жан дененің құлы емес.
Өзің байлап бересің,
Жан жұмысы ол емес.