Абдалла Ибн Хузафа әс-Сәхми

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын

“Әрбір мұсылман Абдалла Ибн Хузафаның басын сүюге міндетті,
ал оны істеушілердің біріншісі мен боламын”.
Омар ибн әл-Хаттаб

Namaz

Біздің бұл тарихымыздың қаҺарманы Абдалла Ибн Хузафа әс-Сәхми есімді АллаҺтың Елшісінің (салла Аллаһу алейҺи уә сәллам) сахабаларының бірі боп табылады. Әрине, оған дейінгі өткен миллиондаған арабтарды айналып өткені секілді тарих оны да назарына ілмей аттап өтер ме еді, кім білсін. Алайда ұлы Ислам Абдалла Ибн Хузафа әс-Сәхмиге өз уақытында екі бірдей жер бетінің билеушісімен – парсы патшасы Хосроймен және Византия императорымен кездесуді нәсіп етті. Осы кездесулердің әрқайсысы ғасырдан ғасырға жалғасқан тарих жылнамасына еніп, адамдардың есінде мәңгі сақталған оқиғаға айналды.

Һиджраның алтыншы жылында АллаҺтың Елшісі Ислам дінін қабылдауға шақыру мақсатында шет мемлекеттердің патшалары мен корольдеріне өзінің бір топ сахабаларын жіберуге шешім қабылдады. Абдалла Ибн Хузафаның парсы патшасы Хосроймен кездесуінің сәті сонда түскен еді. Әрине, бұл міндетті орындаудың қауіпті екенін Пайғамбарымыз (оған Аллаһтын салауаттары мен сәлемдері болсын) білмей қалған жоқ… Пайғамбардың елшілеріне бұрын арабтар ешқандай қарым-қатынаста болмаған, алыс та беймәлім елдерге аттануға тура келді. Олар өздері баратын елдердің халықтарының тілін білмеді, әрі оларды басқарған билеушілердің мінез-құлқынан да хабарсыз болды. Оның үстіне сол елдердің билеушілерін өз діндерінен, билігі мен құдіретінен бас тартуға, күні кешеге дейін өздеріне тәуелді боп келген халықтың дінін қабылдауға шақыру міндеті тұрды. Бұл міндет өте қауіпті еді, оны мойнына жүктеп аттанған адам өлімге басын байлағанмен бірдей еді, ал сондай сапардан аман-есен қайтып оралған адам анасынан жаңадан туды деп есептелетін.
Осындай себептерге байланысты АллаҺтың Елшісі (оған Аллаһтын салауаттары мен сәлемдері болсын) өзінің сахабаларын жинап алып, олардың алдында сөз сөйледі. Алдымен ол АллаҺқа мақтаулар мен ұлықтау сөздер арнады, көркем куәлік сөздер айтты, сосын былай деді:
– Сонымен сендердің іштеріңнен бірқатарларыңды шет елдердің патшалары мен әмірлеріне аттандыруды жөн көріп отырмын. Мен сендердің Мариям ұлы Исамен ұрысқан израйль ұлдары сияқты менімен ұрыспауларыңды қалар едім.
Пайғамбардың сахабалары айтты:
– О, АллаҺтың Елшісі, сіз не қаласаңыз біз соның бәрін орындауға әзірміз. Бізді қайда жұмсасаңыз да еркіңізде.
РасулуллаҺ (оған Аллаһтын салауаттары мен сәлемдері болсын) алты сахабаны таңдап басқа елдердің билеушілеріне өзінің жолдауын жеткізуді тапсырды. Таңдаулы сахабалардың бірі – Абдалла Ибн Хузафа әс-Сәхми болып шықты. Оған парсы патшасы Хосройға Пайғамбардың (оған Аллаһтын салауаттары мен сәлемдері болсын) жолдауын жеткізу жүктелді.

Алыс сапарға жиналған Абдалла Ибн Хузафа өзінің әйелімен және ұлымен қоштасты да таулар мен қырларды асып, өзінің мақсатын орындауға асықты. Бүкіл жолды бір өзі жүріп өтті, онымен тек АллаҺ қана бірге болды. Ақырында ол парсы жеріне жетіп, ондағылардан өзін патшаға жолықтыруын сұрады. Ол патша сарайының қызметкеріне өзінде патшаға тапсыратын жолдауы бар екендiгiн айтты.
Бұл хабар құлағына тиген Хосрой қызметшiлерiне сарайды кездесуге дайындап, тәртiпке келтiрудi бұйырды және кездесуге елдiң белгiлi шонжарларын шақырды. Осыдан соң Абдалла ибн Хузафаға салтанатты залға кiруге рұқсат етiлдi.
Барынша қарапайым киiнген Абдалла ибн Хузафа парсылардың патшасына кірді, үсті-басы жұпыны болса да ол өзіне жарасымды алып денесімен басын тік ұстады. Оның түр-тұлғасынан Исламның құдіреті аңғарылғандай еді, өйткені оның жүрегін өз дініне деген мақтаныш сезімі кернеп тұрған болатын.
Өзіне қарай Абдалланың жақындап келе жатқанын көрген Хосрой өз қызметшілерінің біріне оның қолындағы жолдауды алуға белгі берді. Алайда ол бұған қарсылық білдіріп былай деді:
– Жоқ, АллаҺтың Елшісі маған мұны өз қолыңа тікелей тапсыруды бұйырды. Мен Расулдің (оған Аллаһтын салауаттары мен сәлемдері болсын) бұйрығын бұза алмаймын.
Хосрой қызметшілеріне:
– Оны маған жіберіңдер,-деді. Абдалла патшаға Пайғамбар жолдауын өз қолымен тапсырды. Хосрой өзінің қол астындағы араб тілмашты шақырып алып, оған жолдау хатты ашып, оқып беруді бұйырды. Онда былай деп жазылған еді: “Мейірімді, рақымды АллаҺтың атымен бастаймын: АллаҺтың Елшісі Мұхаммедтен парсы патшасы Хосройға, кім ақиқат жолын тұтынса, оған бейбітшілік болсын…”
Пайғамбар жолдауының алғашқы сөйлемдерін тыңдауы сол-ақ екен Хосройдың басына тепкен ашуы бетіне шықты, кеудесі шайқалып, мойын тамырлары адырайып кетті. Хосройдың ашуын шығарған нәрсе өз есiмінен бұрын Пайғамбар есімінің аталуы еді. Парсы патшасы тілмаштың қолындағы хатты жұлып алды да одан әрі онда не жазылғандығына қарамастан, жапырақ-жапырақ етіп жыртып тастады. Жыртып жатып айқайға басты: “Бұлай істеуге оның қалай дәті барды? Ол менің құлым емес пе еді?!” Содан кейін Абдалланы мәжіліс залынан шығартып жіберді.
Абдалла Ибн Хузафа залдан шығып кеткеннен кейін, АллаҺ Та`ала оған не істейтінін білген жоқ, олар бұны өлтіре ме, әлде тірі қоя бере ме, ол өзімен өзі сөйлесіп: “Енді не болса да маған бәрі бір, әйтеуір АллаҺтың Елшісінің тапсырмасын орындадым ғой”, – дедi. Ол өзінің түйесіне мінді де жүріп кетті.
Ал Хосрой болса ашуы басылған кезде Абдалланы алдына алып келуге бұйырды, бірақ ол кезде Абдалла қара үзіп кеткен еді. Оны олар іздеп те таба алмады, ізіне түсіп, қуып та жете алмады.
Өз еліне жеткен соң Абдалла Расулге, салла АллаҺу алейҺи уә сәллам, Хосроймен арадағы болған жайды бүге-шігесіне дейін айтып берді. Жолдауды жыртып тастағанын айтқан кезде АллаҺтың Елшісі: “АллаҺ Та` ала оның патшалығын тоз-тоз етті”,– деді де қойды.

Хосройға келетін болсақ,ол өзінің Иемендегі әмірi Базанға былай деп бұйырды: “Хиджазда пайда болған әлгі адамға өз адамдарыңнан екі күштіні жібер, оны маған алып келсін!..” Базан дереу екі мықты адамын сайлап, қолдарына хат беріп, АллаҺтың Елшісіне жөнелтті. Ол хатта Пайғамбарымызға уақыт оздырмай Хосройға бару бұйырылған еді. Жаушылар көп ұзамай ат-Тайфқа келіп, сондағы құрайш көпестерінен Мұхаммедтің (оған Аллаһтын салауаттары мен сәлемдері болсын) дерегін сұрастырды. Адамдар оның Иасрибте (Мәдина) екенін айтты. Қатты қуанып, көңілдеріне желік кірген көпестер Меккеге асықты. Олар ондағы құрайштардан сүйінші сұрап:
– Қуана беріңдер! Хосрой Мұхаммедті (оған Аллаһтын салауаттары мен сәлемдері болсын) қолға алыпты, енді бізді оның зұлымдығынан құтқаратын болды, – деп даурығысты.
Мәдинаға жеткен жаушылар Расулді (оған Аллаһтын салауаттары мен сәлемдері болсын) тез тауып, оған Базанның хатын тапсырды. Олар АллаҺтың Елшісіне былай деді:
– Патшалардың патшасы біздің әміршіміз Базанға саған адамдар жіберіп өзіне жеткізуін бұйырды… Міне, біз сені алып кетуге келдiк. Егер бізге ерсең, барған соң Хосройдан сені кешіруін өтінеміз, сонда ол саған зиян тигізбейді. Ал егер қарсылық білдіретін болсаң, онда сөз жоқ, күшті әрі қуатты Хосрой сені де, еліңді де күйреуге ұшыратады.
Бұған сәл жымиып, РасулуллаҺ (оған Аллаһтын салауаттары мен сәлемдері болсын) оларға айтты:
– Бүгін тоқтаған жерлеріңде тынығып, маған ертең келіңдер.
Олар ертесіне Пайғамбарға келіп, одан сұрады:
– Иә, сен бізге еріп Хосроймен кездесуге жиналасың ба?
– Пайғамбар былай деп жауап қатты:
– Енді сендер Хосроймен кездесе алмайсыңдар. АллаҺ Та`ала оны пәлен айдың түгені күні өз ұлы Ширауейхтің қолымен өлтірді…
Мұны естігенде екі жаушының зәре-құты қашып, көздері шарасынан шықты:
– Сен не айтып тұрғаныңа есеп бересің бе? – деп таң қала дауыстады олар.
– Біз Базанға осылай деп жеткізейік пе?!
– Иә,– деді Елші, – Базанға тағы мынаны жеткізіңдер, расында Хосройдың патшалығы қанша жерді қамтыған болса, менің дінім сол аумақтың барлығына жетеді. Егер ол Исламды қабылдайтын болса, мен оған қолында бар биліктің бәрін өзіне қалдырамын және өз халқының әміршісі етіп тағайындаймын.
Жаушылар еліне қайтып барып, көрген білгендерін дымын қалдырмастан өздерінің әміршісі Базанға айтып берді. Сонда Базан былай деді:
– Егер Мұхаммедтің (оған Аллаһтын салауаттары мен сәлемдері болсын) осы айтқандары шын болса, Онда ол расында Пайғамбар. Ал егер басқаша болса, онда оған не істейтінімізді сосын шешерміз…
Көп ұзамай-ақ Базан Ширауейхтен мынадай мазмұнда хат алды: “Мен Хосройды өлтіргенімді хабарлаймын. Мұны халқым үшін кек алу мақсатында жүзеге асырдым. Хосрой заңсыздықтарға жол берді, елдің ең жақсы, игі адамдарын өлтірді, әйелдерін өзіне күң етіп алды, халық байлығын өзіне иемденді. Осы хатымды алысымен, өзіңнің қол астыңдағылардың маған бағынуын міндетте”.
Ширауейхтің хатын оқып болып, Базан оны умаждап лақтырды да өзінің Ислам дінін қабылдағанын мәлімдеді. Онымен бірге Исламды сол тұста Иеменде болған парсылардың барлығы қабылдады.

Абдалла Ибн Хузафаның парсы патшасы Хосроймен болған оқиғасы осылай біткен еді. Ал оның Византия императорымен кездескен оқиғасы туралы не білесіз?
Бұл кездесу – Омар Ибн әл-Хаттабтың халифалық құрған кезінде болған еді. Ол туралы әңгіме шежіре тарихтың не бір тамаша әрі қызықты сәттерін көз алдыңызға әкеледі.
Һиджраның 19-шы жылында мұсылмандар әміршісі Омар Ибн әл-Хаттаб өз әскерін византиялықтармен шайқасқа аттандырды. Олардың ішінде Абдалла Ибн Хузафа әс-Сәхми де бар еді. Мұсылман әскерінің соғысуға келе жатқаны, олардың Исламға деген шексіз берілгендігі, сенімдерінің шайқалмайтындығы және АллаҺ үшін, Оның Елшісі (оған Аллаһтын салауаттары мен сәлемдері болсын) үшін жан аямай соғысатын қаҺармандықтары туралы хабарлар Византияның ұлы императорының құлағына жетіп жатты.
Император өзінің әскербасыларына қолға түскен мұсылман болса шекесіне бір сызат түсірмей, өзіне тірідей әкелуін тапсырды. АллаҺтың қалауымен византиялықтарға тұтқын болу Абдалла Ибн Хузафаның тағдырына жазылды. Тағы да бірнеше тұтқындармен бірге оны императордың алдына жеткізді. Олар Абдалланы көрсетіп: “Бұл адам Мұхаммедтің (оған Аллаһтын салауаттары мен сәлемдері болсын) алғашқы сахабаларының бірі. Біз мұны тұтқындап, сізге әкеп тұрмыз” – деді.
Византия императоры оның жүзіне ұзақ уақыт қадала қарады, сосын үнсіздікті бірінші боп бұзды:
– Мен саған ұсыныс айтайын.
– Қандай ұсыныс айтасың? – деді Абдалла.
– Мен саған христиан дінін қабылдауды ұсынамын, – деді император. – Егер сен мұны істесең, мен саған асқан құрмет көрсетіп, қалаған жағыңа жіберемін. Тұтқын жігерлі дауыспен үзілді-кесілді жауап қатты:
– Бұлай істеу тіпті мүмкін емес! Сенің шақыруыңа ергеннен, өлгенім әлде қайда жақсы және мен мұны сенің ұсынысыңнан мың есе артық көремін.
– Сенің айбынды адам екеніңе көзім жетіп тұр, – дедi император. – Егер сен менің ұсынысыма көнер болсаң, мемлекет басқаруда менің ең жақын адамдарымның бiрi боласың, мен сенімен билігімді бөлісемін. Шынжырмен бұғауланған тұтқын бұған жымиып күлді де былай деді:
– АллаҺтың атымен ант етемін, егер сен мені Мұхаммедтің (оған Аллаһтын салауаттары мен сәлемдері болсын) дінінен бір сүйем ғана алыстату үшін маған қолыңдағыңның бәрін берсең де және арабтар иеленгеннің бәрін берсең де мен ол ұсынысты қабыл етпеймін.
– Олай болса, мен сені өлтіремін,– деді император.
– Көңілің не қаласа, соны істеуіңе болады, – деді Абдалла міз бақпастан.
Императордың әмірімен жасақшылары Абдалланы шынжырмен байлап, ағашқа керіп тастады, сосын ол өзінің садақшы мергендеріне латынша былай деді:
– Оның қолдарын жағалатып атыңдар!
Осыдан соң император оған тағы христиандықты қабыл етуді ұсынды, бірақ Абдалла бас тартты. Сонда император бұйырды:
– Енді аяқтарын жағалатып атыңдар!
Мергендер бұйрығын орындап болған соң, император ұсынысын қайталап, одан өз дінінен бас тартуын талап етті, бірақ қарсылыққа тап болды. Енді император атуды тоқтатып, крестке керілген Абдалланы босатуды бұйырды. Сосын ол май құйылған үлкен қазан әкелуді бұйырды, оны отқа қойып, май бүлкілдеп қайнауын тосты. Май қайнаған кезде ортаға екі тұтқын мұсылманды әкелдіріп олардың біреуін қазанға тастауды бұйырды. Қазанға тасталған туысқанының әп-сәтте еттері ыдырап, сүйектері қалқып шықты. Екіншісін де сөйтті.
Император Абдалла Ибн Хузафаға бұрылып, христиан дінін қабылдауды ұсынды. Алайда Абдалла бұрынғыдан да қатты ширығып, айтқанынан қайтпады. Өз әрекеттерінің нәтижесіз аяқталғанына күйінген император Абдалланы да екі жолдасы тірідей қайнаған қазанға тастауды бұйырды.“Абдалланы қазанның жанына алып келгенде, оның көзіне жас келді. Мұны көрген жасақшылар өздерiнің әміршісіне: “Ол жылап жатыр!”– деп жеткізді.
Абдалла шын қорыққан екен, – деп ойлаған император:
– Оны маған алып келiңдер! – деді.
Абдалланы алып келгенде император бұ жолы ол христиандықты қабылдар деп үміттеніп еді, бірақ тағы да дәмесінен түк шықпай, үміті біржола үзілді. Сосын сұрады:
– Саған қайғы келсін! Онда неменеге жыладың?
Абдалла былай деп жауап қайтарды:
– Өзіме өзім іштей айтқан сөздеріме көңілім бұзылды: Қазір сені мына қазанға тастайды, АллаҺ Та`алаға жаныңды тапсырасың, – дедім. Сол кезде мен бүкіл денемде қанша тал қыл болса, сонша жаным болып, оның барлығы АллаҺ үшін осы қазанға тасталса деп тіледім.
Бұл адамнан мұншалықты қаҺармандық күтпеген император енді не істерін білмеді. Бір кезде ешкім күтпеген тосын сұрақ қойды:
– Егер сен менің басымды сүйсең, сені босатар едім, – оған не дейсiң?
Абдалла оның өзіне қайыра сұрақ қойды:
– Егер мен соны істесем, тұтқындағы басқа мұсылмандарды да босатасың ба?
Император айтты:
– Иә, сөйтсең, барлық тұтқын мұсылмандарды босатамын.
Абдалла айтты:
– Мен ішімнен ойладым: егер мен АллаҺтың жауларының бірiнің басын сүйсем, ал ол сол үшін мені және басқа тұтқын мұсылмандарды босатса, онда бұл маған күнә боп жазылмас.
Содан кейін Абдалла көп ойланып тұрмастан императорға жақындады да еңкейіп басын сүйді. Ал император сөзінде тұрып, барлық тұтқын мұсылмандарды шынжырдан босатып, Абдалламен бірге еліне қайтарды.
Абдалла Ибн Хузафа елге оралысымен мұсылмандар әміршісі Омар Ибн әл-Хаттабқа барып, болған оқиғаны айтып берді. Оны тыңдап, әрі азат болған мұсылмандарды көріп Халиф тілмен айтып жеткізуге болмайтын толқынысты бастан кешірді, сондағы оның аузынан шыққан сөздер мынау еді: “Әрбiр мұсылман Абдалла Ибн Хузафаның басын сүюге мiндеттi, ал оны iстеушiлердiң бiрiншiсi мен боламын”. Ол орнынан көтеріліп барып, оның басын сүйді…

© Шапағат-Нұр

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: