Ат-Туфайл Ибн Амру ад-Дауси

Аса қамқор, ерекше мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын

“О, АллаҺ, оған өзiнiң iзгi ниеттерiн жүзеге асыруы үшiн белгiлер жiбер”.
(АллаҺтың Елшiсiнiң (салла Аллаһу алейҺи уә сәллам) ат-Туфайлге арнаған дұғасынан).

ISLAM0000057

Ат-Туфайл Ибн Амру ад-Дауси Ислам әлi орнамаған кезде даус тайпасының көсемi едi және ол тегi жағынан жомарттығымен әрi кеңпейiлдiлiгiмен аты шыққан арабтың белгiлi ақсүйек тұқымынан болатын…
Оның үйiнiң ошағы ешқашан да өшкен емес, кез келген адамға есiктерi ашық тұрды. Келген қонаққа дастарханы жаюлы, тамағы әрқашан әзiр едi…
Ол аштарды тойындырды, жәбiр шеккендердi тыныштандырды, жәрдем сұрағандарға қамқор қолын созды. Сонымен бiрге ат-Туфайл ақылды, көреген, мәдениеттi әрi бiлiмдi адам едi және ол сөз мәйегiн ағыта бiлетiн, сөйлегенде таңдайынан бал таматын ақын да болатын.

Ат-Туфайл өз тайпасының атамекенi Тихамдағы үйiн тастап шығып, Меккеге бет түзедi. Бұл кезде ардақты Елшi мен көпқұдайшыл құрайштардың арасындағы тартыстың өрши түскен кезi. Екi жақ та өздерiне одақтастар мен жақтастарды неғұрлым көбiрек тартып, өз қатарын ұлғайтуға тырысып жатты. АллаҺтың Елшiсi осындай жағдайда жүрiп адамдарды өзiнiң Жаратушысының тура жолына шақырумен болды, оның қаруы – иман мен ақиқат едi.
Көпқұдайшыл құрайштар Пайғамбардың шақыруына барынша қарсыласып бақты. Бұл мақсатта олар кез келген қаруды қолданып, адамдарды одан үркiтуге тырысты.
Ат-Туфайл бұл күреске дайын емес-тi, сосын ол екi жақтың қандай ниет ұстағандықтарын бiлмейтiн. Ол Меккеге аттанғанда алдына мұндай мақсат қоймаған, ол тiптi Мұхаммед пен құрайштардың iсi туралы ойына да алмаған.
Мiне, осындай күйде жүргенiнде ат-Туфайл Ибн Амру ад-Дауси өмiрi ұмытылмайтын оқиғаны бастан кешiрдi. Қане, осынау таңқаларлық оқиғаны ат-Туфайлдiң өз аузынан естiп көрелiкшi:
– Меккеге келiсiмен менi құрайштардың көсемдерi көре сала жылы-жылы амандасып, сый-құрметтерiн көрсеттi, өздерiнiң ең жақсы үйлерiне апарып орналастырды.
Осыдан соң құрайштың көсемдерi мен ақсақалдары менiмен кездесiп, әңгiме-дүкен құрды. Олар маған былай дедi: “О, Туфайл, сен бiздiң елiмiзге келiп отырсың, ал өзiн пайғамбармын деп жариялаған әлгi адам ел iшiне iрiткi салып, бiздiң iсiмiзге нұқсан келтiрдi, бiрлiгiмiздi ыдыратып, отбасылардың сүттей ұйыған тыныштығын бұзды. Бiздiң басымызға келген зұлмат сенiң басыңа да төне ме деп қауiптенемiз. Ол адаммен сөйлесушi болма және оның айтқандарын құлағыңа iлме де. Ақиқатында, оның сөздерi сиқыршының арбауына ұқсайды: әке мен баланы, аға мен iнiнi, әйел мен ерiн айырып жiберетiн күшi бар”.
Ат-Туфайл одан әрi былай дейдi:
– АллаҺтың атымен ант етемiн, олар маған ол туралы небiр ақылға сыймайтын әңгiмелер айтып, өзiм үшiн және халқым үшiн жүрегiме қорқыныш ұялатты. Соның нәтижесiнде мен ол адамның маңайына жуымауға, оның әңгiмелерiн тыңдамауға түпкiлiктi бекiндiм.
Таңертең Қағбаны айналып, оның тас “құдайларынан” жарылқау тiлеу үшiн, оларды ұлықтап, хаж өтеу үшiн ғибадат ететiн орынға аттанып кеттiм. Егер Мұхаммед сонда болса оның сөздерiн естiмейiн деп қос құлағымды мақтамен тығындап тастадым.
Алайда, қасиеттi орынға аяқ басқаным сол-ақ екен, Қағбаның қасында бiздiң құлшылығымыздан мүлдем бөлек ерекшеленетiн құлшылық түрiн атқарып тұрған Мұхаммедтi көрдiм. Оның тұрған тұрысы, атқарып жатқан ғибадаты менi өзiне баурап алды. Ақырында мен оның қасына бiрте-бiрте жақындап, қалай барып қалғанымды сезбей де қалдым…
АллаҺтың қалауымен оның бiрқатар сөздерi менiң құлағыма жеттi. Менiң естiгенiм керемет сөздер едi, сосын өзiме өзiм айттым:
– Құрып кет, о, Туфайл, құрып кет… Сен саналы әрi зерек, әсемдiктi тұрпайылықтан ажырата бiлетiн көреген ақын емеспiсiң. Бұл адамның айтқан әңгiмесiн тыңдауға саған не нәрсе кедергi келтiрiп тұр?… Егер оның әңгiмесi жағымды болса қабыл ал, ал жағымсыз болса тыңдама.
Әрi қарай ат-Туфайл былай деп әңгiмелейдi:
– Қашан АллаҺтың Елшiсi үйiне кеткенше, мен сонда қалдым. Ол үйiне қарай аяңдағанда, мен соңынан ердiм. Ол үйiне енгенде, мен де артынан кiрiп барып: “О, Мұхаммед, сенiң тайпаңдағы адамдар сен туралы “олай” – дедi, “бұлай” – дедi деп естiгенiмнiң барлығын жайып салдым. Сосын: АллаҺтың атымен ант етемiн, мен сенiң әңгiмелерiңдi естiмес үшiн қос құлағымды мақтамен тас қылып тығындағанға дейiн олар менi сен туралы түрлi нәрселердi айтып үркiтумен болды. Әйтсе де АллаҺтың қалауымен сенiң айтқан сөздерiң менiң құлағыма жеттi және мен одан тамаша әсерге бөлендiм. Маған өзiңнiң iсiң туралы айтып бершi. Ол менiң сұрағанымды айтып бердi, артынша “Ыхлас” және “Фалақ” сүрелерiн оқыды. АллаҺтың атымен ант етемiн, мен осы уақытқа дейiн мұндай көркем сөздердi естiген емеспiн және ешқашан да оның iсiндей әдiлеттi iстi кездестiрген жоқпын.
Ақырында мен оған қолымды берiп, АллаҺтан басқа Тәңiр жоқ, Мұхаммед АллаҺтың Елшiсi, – деп куәлiк еттiм. Исламды мен осылай қабылдаған едiм.

Ат-Туфайл әңгiмесiн жалғастырды:
– Осы оқиғадан соң Меккеде бiраз уақыт өткердiм. Исламның негiздерiн үйренiп, Құран сүрелерiнен үзiндiлер жаттадым. Өз елiме қайтуға жиналған кезiмде Пайғамбарға айттым:
– О, АллаҺтың Елшiсi, менiң қол астымда бiр тайпа ел бар. Мен оларға қайтып барған соң оларды Исламға шақырамын. АллаҺ Та`алаға дұға қылып қойшы, мен оларды ақиқатқа шақырғанда соған қатысты белгi жiберсiн. АллаҺтың Елшiсi дұға қылды:
– О, АллаҺ, оған өзiнiң iзгi ниеттерiн жүзеге асыруы үшiн белгiлер жiбер”.
Сөйтiп мен елiме қайттым. Өз тайпамның үйлерiне жақын орналасқан таудың етегiне келгенiмде көзiмнiң алдында жарқырап жанған шырақ сықылды бiр нұр пайда болды. Мен таңдана дауыстадым:
– О, АллаҺ! Нұрыңды менiң жүзiме сала көрме. Өйткенi жұрт олардың дiнiнен бас тартқандығым үшiн мұны маған жiберiлген жаза деп ойлауынан қорқамын…
– Осыны айтқаннан кейiн нұр қамшымның ұшына барып тоқтады, адамдар мұны қамшының ұшына шам қондырылған деп ойлады. Таудың тiп-тiк жарқабағынан олар тұрған жазыққа қарай түсе бердiм. Төменде менi қартайып, әбден шау тартқан әкем қарсы алды. Мен оған былай деп тiл қаттым:
– Әке, менен аулақ тұрыңыз! Мен ендi сендiк емеспiн, ал сен мендiк емессiң!
– Ұлым, бұл қалай? – деп таңдана сұрады әкем.
– Мен Исламды қабылдадым, Мұхаммедтiң дiнiне мойынсұндым, – дедiм мен.
– Ендеше ұлым, сенiң дiнiң менiң де дiнiм, – дедi әкем. Мен оған:
– Олай болса барып дәрет алыңыз, киiмiңiздi тазартыңыз. Сосын маған келiңiз, өзiм үйренгендердi саған үйретемiн, – дедiм. Әкем дәрет алып, киiмiн тазартты. Мен оған Ислам туралы түсiндiрдiм, ол шын көңiлмен оны қабылдады.
Одан кейiн жаныма әйелiм келдi. Мен оған:
– Менен аулақ жүр, мен сенiң күйеуiң емеспiн, сен менiң әйелiм емессiң, – дедiм.
Ол да таңдана үн қатты:
– Әке-шешем сенiң өтеуiңе кетсiн! Неге бұлай?!
– Бiздi Ислам айырды. Мен оны қабылдап, Мұхаммедтiң соңынан ердiм, – дедiм мен.
– Сенiң дiнiң менiң де дiнiм, – дедi әйелiм. Сонда оған айттым:
– Онда сен Зу аш-Щараға барып дәрет алып кел!
– Әке-шешем сенiң өтеуiңе кетсiн! Сен Зу аш-Щарадан балаларың үшiн қорықпайсың ба? – деп жауап қайтарды ол.
– Зу аш-Щараңмен бiрге жоғал! – дедiм мен оған, – адамдардан аулақ сол жерге барып дәрет алып, тазалан. Жаны жоқ, мелшиген тас тұлға саған титтей де залал тигiзе алмайтынына сенi сендiремiн.
Осыдан соң әйелiм сонда барып дәрет алып, тазаланып келдi. Мен оған Ислам туралы айтып бердiм, ол дiндi қабылдады.
Содан кейiн мен даус тайпасының адамдарын түгелдей Исламға шақырдым. Бiрақ олардың iшiнде Исламды бiрiншi боп қабылдаған Әбу Һурайрадан басқасы кешеуiлдей бердi.

Ат-Туфайл әңгiмесiн жалғастырды:
– Мен Әбу Һурайрамен бiрге Меккеге аттанып, АллаҺтың Елшiсiне бардық. Пайғамбар менен:
– Қандай жаңалықтарың бар, Туфайл? – деп сұрады, мен былай дедiм:
– Адамдардың жүрегiн бүркенiш тұмшалап тастағандай, олар ақиқатты көретiн емес. Олардың құдайсыздығы шектен шыққан… Даус тайпасында бұзықтық пен бой ұсынбаушылық етек алып тұр…”
АллаҺтың Елшiсi орнынан тұрып барып дәрет алды, содан кейiн қолдарын көкке қарай жайып жалбарына бастады. Әбу Һурайра айтады:
– Оны мұндай жағдайда көрiп, мен қатты қорықтым, ол АллаҺқа жалбарынып, менiң тайпалас туыстарыма апат жiберуiн сұрап жатқан шығар деп ойладым. Онда олардың бiткенi ғой. Мен дауыстап жiбердiм:
– О, менiң халқым!..
Алайда АллаҺтың Елшiсi былай деп дұға қыла бастады:
– О, АллаҺ, даус тайпасын тура жолыңа сала гөр… О, АллаҺ, даус тайпасын тура жолыңа сала гөр… О, АллаҺ, даус тайпасын тура жолыңа сала гөр…”
Сосын Пайғамбар ат-Туфайлге бұрылып былай дедi:
– Өз тайпаңа қайтып бар, олармен қарым-қатынаста жұмсақ бол әрi Исламға шақыр!

Ат-Туфайл әңгiмесiн одан әрi сабақтады:
– Мен даус тайпасына қайтып оралған соң, Пайғамбарымыз Мәдинаға қоныс аударғанша барлық адамдарды Ислам жолына үндеп, дағуат жасаудан тынбадым. Бадр мен Ухуд маңындағы соғыстар және Ор шайқасы болып өттi. Осы оқиғалардан соң Исламды шын жүрекпен қабылдаған даус тайпасының сексен үйлi жанымен бiрге мен оның алдына бардым. Бiздi көрiп АллаҺтың Елшiсi қатты қуанды және тайпадағы мұсылмандардың барлығына Хайбар соғысында қолға түскен олжадан үлестiрдi. Бiз оған өтiнiш бiлдiрдiк:
– О, АллаҺтың Елшiсi, бұдан былайғы әрбiр жорығыңда бiздi оң қанаттағы сапыңа қой, бiздiң ұранымыз “Тақуа Мабрур” болсын.
Ат-Туфайл одан әрi әңгiмелейдi:
– Мен әрдайым АллаҺтың Елшiсiнiң жанында жүрдiм. Жеңiстi жолымыз жалғасып, ат басын Меккеге әкеп тiрегенiмiзде мен одан өтiндiм:
– О, АллаҺтың Елшiсi, менi Амру ибн Хамам тайпасының Зул әл-Кафайн атты пұтын өртеуге жiбер…
Расулдiң рұқсатын алысымен ат-Туфайл өз тайпасынан шағын әскермен пұтты өртеуге аттанды.
Қашан ол межелi орынға жетiп, пұтты жағуға қамдана бастағанда айналасына еркектер мен әйелдер, бала-шаға жиналып қалды. Олар ат-Туфайл өз пұттары Зул әл-Кафайнға зиян тигiзер болса, аспаннан жай отын түсiрiп оны күйдiретiндей көрiп тұрды. Алайда олай болмады. Ат-Туфайл пұтқа жақындап келдi де оған табынушылардың көз алдында от қойды. Жансыз мүсiндi әп-сәтте жалын орап алды. Ат-Туфайл болса тақпақтап қояды:

– О, Зул әл-Кафайн мен саған құл емеспiн.
Бiз сенен бұрын тудық, ал сен құр елессiң.
Жүрегiңдi отқа қақтап жатырмын,
Бұ несi екен үн қатпауы “батырдың”.

От жалыны пұтты жұтып қойды, онымен бiрге даус тайпасындағы екiжүздiлiктiң қалдықтары да өртенiп кеттi. Бүкiл халық Исламды қабылдады және олар шынайы мұсылмандар болды.

Ат-Туфайл АллаҺ Та`ала қашан Өзiне алғанша АллаҺтың Елшiсiнiң жанынан аттап шыққан жоқ.
АллаҺтың Елшiсiнiң шыншыл сахабасы халиф болғанда ат-Туфайл өзiнiң ұлымен бiрге оған адал болуға ант бердi. Қашан мұнафықтармен соғыс басталғанда ол өзiнiң ұлы Амрумен бiрге мұсылман әскерiнiң алдыңғы сапында жүрдi. Жалған пайғамбар Мусайлимаға қарсы соғысты.
Иеменге бара жатқан жолда ат-Туфайл түс көрiп, ұйқыдан тұрған соң жолдастарына:
– Мен түс көрдiм, маған оны жорып берiңдершi.
– Түсiңде не көрдiң? – деп сұрады олар.
– Басымның тақырлап алынғанын көрдiм, ал аузымнан құс ұшып шықты. Бiр әйел менi өзiнiң iшiне алды, ал ұлым Амру болса менi шарқ ұрып өзiне шақырды, бiрақ арамызда бөгет тұрды.
Жолдастары айтты:
– Мұның арты жақсылыққа апарады деп үмiттенемiз… Ат-Туфайл айтты:
“АллаҺтың атымен ант етемiн, мен мұны былай жорыдым: шашымның тақырлап алынғаны, басымның шабылатынын бiлдiредi… Ал аузымнан шыққан құс – ол менiң жаным… Менi өзiнiң iшiне алған әйел – бұл жер, мен үшiн қабiр қазылып, оның қойнына кiретiнiм көрiнiп тұр… Мен шаҺид боп өлуiмдi үмiт етемiн. Ұлымның менi шақырғаны – егер АллаҺтан үкiм болса майдан даласында менi күтiп тұрған өлiмге қарсы ұмтылуын бiлдiредi, бiрақ ол ұрыс алаңында кейiнiрек қаза табады”.
Иемен жорығы кезiндегi ұрыстардың бiрiнде Пайғамбардың даңқты сахабасы ат-Туфайл Ибн Амру ад-Дауси АллаҺтың жолында соғыста шаҺид боп өлудi армандаған тiлегi орындалып, асқан ерлiк пен батырлықтың үлгiсiн көрсетiп қаза тапты. Оның ұлы Амру да ұрыстарда ерлiкпен шайқасып, ауыр жараланды, оң қолының саусақтарынан айрылды. Осыдан кейiн ол Иемен жерiнде өзiнiң әкесiн қалдырып, Мәдинаға оралды.

Омар Ибн әл-Хаттаб халиф боп тұрған кезiнде оған бiр күнi Амру Ибн ат-Туфайл келдi. Осы кезде оның үйiнде қонақтар бар болатын. Мұсылмандар әмiршiсi Амруды да, оларды да тамақ iшуге шақырды, бiрақ Амру тамаққа келмедi.
– Саған не болды?! Сен бәлкiм қолыңның кемiстiгiнен қорланып, басқалармен бiрге ас алғың келмей тұрған шығарсың, – деп сұрады одан Омар.
– Дәл солай, о, мұсылмандар әмiршiсi, – дедi Амру.
Халиф ренжи үн қатты:
– АллаҺтың атымен ант етемiн, қашан сен шабылған шолақ қолыңмен тамақты араластырмағаныңша мен аузыма ас алмаймын. АллаҺтың атымен ант етемiн, бiздiң арамызда сенiкi сияқты денесiнiң бiр бөлiгi жұмақта жай тапқан ешкiм жоқ!”. Мұны айтқанда ол Амрудың шабылған қолын меңзеп тұр едi.

Әкесi қаза тапқалы берi Амрудың басынан ұрыс алаңында шаҺид боп өлу арманы кеткен жоқ, Иармук соғысында Амру ең алдыңғы сапта жан аямай шайқасып, өзiнiң әкесi сияқты шаҺид өлiмiмен жан тапсырды.

АллаҺ Та`ала ұрыста шаҺид боп өлген және шаҺид ұлдың әкесi болған ат-Туфайл ибн Амру ад-Даусиге мейiрiмiн төксiн!

© Шапағат-Нұр

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: