Мәшһүр Жүсіп айтқан екен

Тамыз 6, 2007
180px-Mashhur_Zhusup ҚАЗАҚТЫН ЖЕРІ
“Күн батысы – Сырдария, күншығысы – ұзын аққан Ертіс, оңтүстігі – Жетісу өзені, солтүстігі – Еділ, Жайық. Бұл қазақ иесіз жатқан жерге келіп ие болған жоқ, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен кеше Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек заманында жаннан кешіп, сусын орнына қызыл қан ішіп, жаудай алысып, жаттай салысып, күні-түні атысып, қара қанға батысып, шыбын жанын нысанаға байлап, не маңғаз, сарбаздары жау жолында оққа ұшырап өліп, сөйтіп алған жері еді…”

ИМАН

Исламның бес парызы біреуі – иман,
Таппайды бұл бесеуін дүние жиған.
Ықтият, шын ниетпен жұмыс қылып,
Ерлерді айт Құдай үшін жанын қиған.

«Ағаштың бойында гүрілдеп ағып жатқан өзен – адамның денесіндегі қан. Әй, жігіттер, естеріңде болсын, оны “шайтан” – дейді. Ол бір кесек нәрсе емес, денеңе арам қан боп кіріп, жүрегіңе барып, жүрегіңді толқытып, өзіңді бұзады. “Шайтан” деген өзіңнің ойың…»


Мақтау мен сөгіс

Тамыз 6, 2007

Біреу сені мақтаса, қуанасың,
Жамандаса, жабырқап, суаласың,
Мақтаған кім, сөккен кім – онда ісің жоқ,
Бәрібір сен де елірме дуанасың.

Дос мақтаса, не пайда онан саған,
Дұспан сөксе, не кемдік көрдің жаман?
Шын сөзбенен мақтаса иә боқтаса,
Мақтау – пайда, зиян ба жамандаған?

Бойда жоқпен мақтаса, яки сөксе,
Қуанбақ, не кейімек өзіңе еп пе?
Ғаділ жүрек, таза ақыл мақтайтұғын,
Солар сөкпес іс қылар жолды көксе.

Дос мақтайды сен жақсы көрмек үшін,
Дұспан мақтар елірте бермек үшін.
Есептемей есірік елін мақтар,
Көп не айтса, соны айтып ермек үшін.

Бұл үш мақтау берер ме саған пайда,
Мақтаулыны білерлік адам қайда?
Өзіңнен ілгерілер сүйсінерлік
Жол тап – тағы ақылды солай айда.

Кейде дос та жамандар жоқ нәрсе үшін,
Дұспан сөгер сыртыңнан қайрап тісін.
Өнері жоқ, өсекшіл ел жамандар,
Өтірік пе, рас па, көрмей ішін.

Келер – кетер зиян жоқ мұнан тағы,
Мін болмайды наданның қорламағы.
Білімділер сөгерлік ісің болса,
Жоғалта бер, айласын ойла – дағы.

Түйіп айтқан талассыз мақтау, боқтау,
Жақсы іске – ындын, зиянға салар тоқтау.
Көп наданның сөзімен құйқылжысаң,
Сен де жынды боласың есі жоқтау!


ӨЗІМЕ

Тамыз 6, 2007

Қолда қалам, көзде жас, толқындап ой,
Шіміркеніп, тітіреп, салқындап бой,
Тозған мола сықылды сұм көрініп,
Өткен күнде қызыққан сауық пен той.

Қаның қашып, жасаурап екі көзің,
Не болдым деп табалап өзіңді-өзің.
Өткен іс ойға түсіп ойлатады,
Қисынсызды қызық деп қуған кезің.

Және ойыңа келгенде алдыңғы жақ,
Сұм жүрегің кетеді қозғалып-ақ.
Артың – анау, алдың су, көз жетпейді,
Өтетұғын қамыңды ойланып бақ.

Нені аяйсың, отырсың кімді қимай,
Құтырдың ғой тәуір – ақ жерге сыймай.
Салып – салып сандалып отырмысың,
Жоқ өзің өз нәпсіңді ерте тыймай!

Досың қайсы, қимастай елің қайсы?
Ел салмағын көтерер белің қайсы?
Аузың темір татиды берін татып,
Жалғанды қимайтұғын жерің қайсы?

Дүние тұр қалыбында, сен өзгердің,
Бәрін көрдің, түбіне көз жібердің.
Ешкімнен көретұғын дәнеме жоқ,
Өзіңді – өзің өлімге ұстап бердің.

Пайдасыз бен баянсыз қуған ісің,
Түпсізді толтырамдеп кетті күшің.
Ентелеген еңбектің бәрі жанбай,
Ақ өлімді шақырдың, сол жұмысың.

Енді қайтып сен мықты бола алмайсың,
Жас күндегі тұғырға қона алмайсың.
Кейін баспай ентелеп ілгері бас,
Кейін айналсаң, еш жерде оңалмайсың.

Құдайдан жарылқа деп жәрдем сұра,
Сен талайды қылдың ғой біле тұра.
Аяғыңды аңдап бас, өлім таяу,
Қарсы алдыңда дайын тұр қазған ұра.

Соны ойла, өзге қызық істі ойлама,
Біреуге айла, біреуге күшті ойлама.
Кеткен қайта келмейді кейісең де,
Түнде көрген көлеңке түсті ойлама.


Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы

Тамыз 6, 2007

Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы,
Ортасы – өмір, жоқтық қой – екі басы.
Сағымдай екі жоқтың арасында
Тіршілік деп аталар біраз жасы.

Жоқтық, барлық – жоғалмақ араласы,
Үш еріксіз болады мағынасы.
Нажағайдай жарқ етіп өшпек болса
Өмірдің он тиындық жоқ бағасы.

Патса, батыр, бай, бағлан, ел ағасы,
Өнерпаз, ойшыл, білгіш, ғұламасы,
Мақтанып жердің жүзін жалмаса да,
Кәрлік пен өлімге жоқ дауасы.

Енді өмірдің қызықты қай арасы,
Өлімді ойлап сіңе ме ішкен асы?
Оны ұмытып, өлместей өзеленер,
Әлі тірі жүргендей түп атасы.

Адамзат – айуанның арам, насы,
Жанның да, ақылдың да дұспанасы.
Жанды сурет сияқты қуыршақ боп,
Жаралыстың ойнаған тамашасы.

Менменсінген кердеңнің керген қасы,
Ішімді күйдіреді сол ызасы.
Жер тәңірісіп, кісімсіп желіксе де,
Төбесінен бір түсер жайдың тасы.

Өмірдің өкінбейтін бар айласы,
Ол айла – қиянатсыз ой тазасы.
Мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек,
Таза жүрек, тату дос – сол шарасы.