34 сөз

Жұрттың бәрі біледі өлетұғынын және өлім үнемі қартайтып келмейтұғынын, бір алғанды қайта жібермейтұғынын. Қазақ осыған да, амал жоқ, нанады, анық өз ойына, ақылына тексертіп нанбайды.
Және һәмманы жаратқан құдай бар, ахиретте сұрау алады, жамандыққа жазғырады, жақсылыққа жарылқайды, жазғыруы да, жарылқауы да пенде ісіне ұқсамайды, бегірек есепсіз қинауы да бар, бегірек есепсіз жетістіруі де бар деп, бәріне — сендік дейді. Жоқ, онысына мен сенбеймін. Олар сендім десе де, анық ақиқат көзі жетіп, ден қойып, ұйып сенбейді. Ол екеуіне анық сенген кісі уайым ойлап не керек? Осы екеуіне лайықты жақсылықты өздері де іздеп таба береді. Егер де осы екеуіне бұлдыр сеніп отырса, енді неге сендіре аламыз. Оны қайтіп түзете аламыз? Оларды мұсылман деп, қалайша иманы бар ғой дейміз.
Кімде кім ахиретте де, дүниеден де қор болмаймын десе, білмек керек: еш адамның көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, екі ынтық құмарлық бірдей болмайды, екі қорқыныш, екі қайғы — олар да бірдей болмайды. Мұндай екі нәрсені бірдей болады деп айтуға мүмкін емес. Олай болғанда қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса — мұсылман емес. Енді ойлап қарай бер, біздің қазақ та мұсылман екен.
Егер де екі нәрсе болса, бірі ахиретке керекті, бірі осы дүниеде керекті, бірін алса, бірі тимейтұғын болса, сонда біреу ахиретке керектіні алмай, екінші кез келгенде алармын деп, жоқ, егер кез болмайтұғын болса, кең құдай өзі кеңшілікпен кешіредідағы, мына кезі келіп тұрғанда мұны жіберіп болмас деп, дүниеге керектіні алса, енді ол кісі жанын берсе, ахиретті дүниеге сатқаным жоқ деп, нануға бола ма?
Адам баласына адам баласының бәрі — дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде — туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің — бәрі бірдей, ахиретке қарай — өлуің, көрге кіруің, шіруің, махшарда сұралуың — бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне хаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па? Біріңе-бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылып көз алартыспақ лайық па?Тілеуді құдайдан тілемей, пендеден тілеп, өз бетімен еңбегімді жандыр демей, пәленшенікін әпер демек ол құдайға айтарлық сөз бе? Құдай біреу үшін біреуге жәбір қылуына лайығы бар ма? Екі сөздің басын қосарлық не ақылы не ғылымы жоқ, тұра, өзімдікін жөн қыламын деп, құр «өй, тәңір-ай!» деп таласа бергеннің несі сөз? Оның несі адам?

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: