Қолда қалам, көзде жас, толқындап ой,
Шіміркеніп, тітіреп, салқындап бой,
Тозған мола сықылды сұм көрініп,
Өткен күнде қызыққан сауық пен той.
Қаның қашып, жасаурап екі көзің,
Не болдым деп табалап өзіңді-өзің.
Өткен іс ойға түсіп ойлатады,
Қисынсызды қызық деп қуған кезің.
Және ойыңа келгенде алдыңғы жақ,
Сұм жүрегің кетеді қозғалып-ақ.
Артың – анау, алдың су, көз жетпейді,
Өтетұғын қамыңды ойланып бақ.
Нені аяйсың, отырсың кімді қимай,
Құтырдың ғой тәуір – ақ жерге сыймай.
Салып – салып сандалып отырмысың,
Жоқ өзің өз нәпсіңді ерте тыймай!
Досың қайсы, қимастай елің қайсы?
Ел салмағын көтерер белің қайсы?
Аузың темір татиды берін татып,
Жалғанды қимайтұғын жерің қайсы?
Дүние тұр қалыбында, сен өзгердің,
Бәрін көрдің, түбіне көз жібердің.
Ешкімнен көретұғын дәнеме жоқ,
Өзіңді – өзің өлімге ұстап бердің.
Пайдасыз бен баянсыз қуған ісің,
Түпсізді толтырамдеп кетті күшің.
Ентелеген еңбектің бәрі жанбай,
Ақ өлімді шақырдың, сол жұмысың.
Енді қайтып сен мықты бола алмайсың,
Жас күндегі тұғырға қона алмайсың.
Кейін баспай ентелеп ілгері бас,
Кейін айналсаң, еш жерде оңалмайсың.
Құдайдан жарылқа деп жәрдем сұра,
Сен талайды қылдың ғой біле тұра.
Аяғыңды аңдап бас, өлім таяу,
Қарсы алдыңда дайын тұр қазған ұра.
Соны ойла, өзге қызық істі ойлама,
Біреуге айла, біреуге күшті ойлама.
Кеткен қайта келмейді кейісең де,
Түнде көрген көлеңке түсті ойлама.

