Өлімнің хақ екенін көрсең де

Мамыр 10, 2007

Өлімнің хақ екенін көрсең де,
Өлместей омыраулап шатасың.
Дозақың барын біліп жүрсең де,
Күнәға әлің келсе батасың.

Сауал көп ғибадатқа десең де,
Жалығып, жалқауланып жатасың.
Алланың адал ризығын жесең де,
Арамды әдейі іздеп татасың.

Сыртыңды сырланасың өң беріп,
Ішіңнің түзетпейсің қатасын.
Айламан алдағанды жөн көріп,
Адамды аң орнына атасың.

Жалғанның бір пайдасын көргенде,
Арланбай арыңды да сатасың.
Алланың ақ өлімі келгенде,
Амалсыз қара тастай қатасың.


Міндеу мен күндеу

Мамыр 10, 2007

Көп сөз айтқан бұрынғы білімділер,
Пайдалансын, ұқсын деп кейінгілер.
Сынға салып талғамай талапты жас,
Соның бәрін қатесіз жөн деп білер.

Олай емес, ойласаң, талай мін бар,
Бұрын шын, қаталы шын, анық шын бар.
У берді ме сусын деп, су берді ме,
Көзің жұм да жұта бер деген кім бар?

Кім айтса да сынамай қойма, жаным,
Ақылыңа сынатып ойла, жаным.
Пәлеңшекем айтқан сөз дұрыс қой деп,
Жүректің таразысын жойма, жаным.

Тегіс тексер, сөз көрсең, сыр мен сынын,
Түзетуге именбе, тапсаң мінін.
Әдеп сақта жалғыз-ақ қате айтты деп,
Былшылдапты дей көрме, білсең шынын.

Біле тұра кім айтар қате сөзін,
Білімдіге есептер әркім өзін.
Тұрған жері, әдеті, туған елі
Адастырар, айтқызар байлап көзін.

Мал іздеп, мансап іздеп, сауық жиын,
Дүниенің көрмек үшін әрбір сыйын.
Адамзат алаңдықтан босамайды,
Сол себептен қатесіз сөйлеу қиын.

Менің де көп жаралы жүрегім бар,
Надандықтан қираған сүйегім бар.
Күндемей, шын міндесең, разымын,
“Қайта, жастар сөйтсін” деп тілегім бар.

Сынамасаң жақсының сөзін қорып,
Талабыңды жоғалтар іштен сорып.
“Сандалған түспе ізіме” деген Абай,
Жүресіңдер осы сөзді қалай жорып?

“Талас, тап” деп айтатын Абай өзі,
Танамыз ба жоқ қой деп бүгін көзі?
Айтқанымды сынама деген емес,
“Күндеме де қарғама” деген сөзі.

Мейлің сөк, мейлің мақта, оған не бар,
Бізден түк жоқ, өзінің иманы жар.
Қатесін тап, күндеме, жамандама,
Кейде жөн, кейде қате айтқан шығар.

Абай түгіл, ақылды көп жан өткен,
Түпсіз терең ғылымға көзі жеткен.
Солардың да бар сөзі бір жерде емес,
Кейі жөн, кейі қате айтып кеткен.

Алдыңғының соқпағын артқы түзер,
Ғылым деген нәрсе емес күдер үзер.
Мінін алып, міндіге мінсіз қосып,
Бұрыңғыны жаңартып жастар түзер.

Өңдіге тағы өң беріп қырған қалай.
Түзетілмей шаң басып тұрған қалай.
Түзеймін деп қиратып күншілдікпен,
Дұрыс істі теріске бұрған қалай?

Осыны ұқсаң – ұғарсың көп сөзімді,
Алдасам, алма-ақ қой еп сөзімді.
Әнге салып алаңдап, ұқпай жүрме,
Әншейін бір өлең ғой деп сөзімді.


34 сөз

Мамыр 10, 2007

Жұрттың бәрі біледі өлетұғынын және өлім үнемі қартайтып келмейтұғынын, бір алғанды қайта жібермейтұғынын. Қазақ осыған да, амал жоқ, нанады, анық өз ойына, ақылына тексертіп нанбайды.
Және һәмманы жаратқан құдай бар, ахиретте сұрау алады, жамандыққа жазғырады, жақсылыққа жарылқайды, жазғыруы да, жарылқауы да пенде ісіне ұқсамайды, бегірек есепсіз қинауы да бар, бегірек есепсіз жетістіруі де бар деп, бәріне — сендік дейді. Жоқ, онысына мен сенбеймін. Олар сендім десе де, анық ақиқат көзі жетіп, ден қойып, ұйып сенбейді. Ол екеуіне анық сенген кісі уайым ойлап не керек? Осы екеуіне лайықты жақсылықты өздері де іздеп таба береді. Егер де осы екеуіне бұлдыр сеніп отырса, енді неге сендіре аламыз. Оны қайтіп түзете аламыз? Оларды мұсылман деп, қалайша иманы бар ғой дейміз.
Кімде кім ахиретте де, дүниеден де қор болмаймын десе, білмек керек: еш адамның көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, екі ынтық құмарлық бірдей болмайды, екі қорқыныш, екі қайғы — олар да бірдей болмайды. Мұндай екі нәрсені бірдей болады деп айтуға мүмкін емес. Олай болғанда қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса — мұсылман емес. Енді ойлап қарай бер, біздің қазақ та мұсылман екен.
Егер де екі нәрсе болса, бірі ахиретке керекті, бірі осы дүниеде керекті, бірін алса, бірі тимейтұғын болса, сонда біреу ахиретке керектіні алмай, екінші кез келгенде алармын деп, жоқ, егер кез болмайтұғын болса, кең құдай өзі кеңшілікпен кешіредідағы, мына кезі келіп тұрғанда мұны жіберіп болмас деп, дүниеге керектіні алса, енді ол кісі жанын берсе, ахиретті дүниеге сатқаным жоқ деп, нануға бола ма?
Адам баласына адам баласының бәрі — дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде — туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің — бәрі бірдей, ахиретке қарай — өлуің, көрге кіруің, шіруің, махшарда сұралуың — бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне хаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па? Біріңе-бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылып көз алартыспақ лайық па?Тілеуді құдайдан тілемей, пендеден тілеп, өз бетімен еңбегімді жандыр демей, пәленшенікін әпер демек ол құдайға айтарлық сөз бе? Құдай біреу үшін біреуге жәбір қылуына лайығы бар ма? Екі сөздің басын қосарлық не ақылы не ғылымы жоқ, тұра, өзімдікін жөн қыламын деп, құр “өй, тәңір-ай!” деп таласа бергеннің несі сөз? Оның несі адам?