Күні-түні ойымда бір-ақ тәңірі

Мамыр 4, 2007

Лай суға май бітпес қой өткенге,
Күлеміз қасқыр жалап, дәметкенге.
Сол қасқырша алақтап түк таппадым,
Көңілдің жайлауынан ел кеткен бе?

Берген бе тәңірім саған өзге туыс?
Қыласың жер-жиһанды бір-ақ уыс.
Шарықтап шартараптан көңіл сорлы
Таппаған бір тиянақ не еткен қуыс?

Күні-түні ойымда бір-ақ тәңірі,
Өзіне құмар қылған оның әмірі.
Халиққа махлұқ ақылы жете алмайды,
Оймен білген нәрсенің бәрі дәһірі.

Өзгені ақыл ойға қондырады,
Біле алмай бір тәңіріні болдырады.
Талып ұйықтап, көзімді ашысымен,
Талпынып тағы да ойлап зор қылады.

Көңілге шек, шүбәлі ой алмаймын,
Сонда да оны ойламай қоя алмаймын.
Ақылдың жетпегені арман емес,
Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын.

Мекен берген, халық қылған ол ләмәкән
Түп иесін көксемей бола ма екен?
Және оған қайтпақсың, оны ойламай,
Өзге мақсат ақылға тола ма екен?

Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ,
Иілтіп екі басын ұстаған хақ.
Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ,
Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ.


Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек

Мамыр 4, 2007

Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,
Жылатқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық –
Бұл қайраттан шығады, білсең керек.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі жақсы демек.

Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.